Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мəселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытындағы балалар мен жасөспірімдердің толық демалуларына, танып білу, шығармашылық және қоғамшылдық белсенділігін арттыруға, балалардың өзін — өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамуға, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық, спорт, саяхат пен өлкетану және басқа да танымдық қызмет түрлеріндегі білім мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін жазғы сауықтыру ауысымдары ашылады.
Жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Ол мектептегі сабақтан гөрі баланың еркіндікке, өзі үшін қызықты істерді жасау және өз мүдделерінің еркін дамуы үшін қажеттіліктерін жүзеге асыратын кезең.
Балалар да, үлкендер де жылы күндерді аңсап күтеді. Балалар жақсылап тыныққысы келеді, ал ата-аналар алдында ұзақ оқудан, қиын емтиханнан шаршаған баласының демалысын қалай ұйымдастыру керек деген дәстүрлі сұрақ көлденеңдейді.
Жыл сайын елімізде әр түрлі үлгідегі мыңнан астам лагерлер жұмыс істеп, 1 миллионнан астам балалар демалады. Балалардың жазғы кезде демалуы үшін лагерлердің екі типі болады: мектептегі және қала сыртындағы.